Камкор менеджмент

СМИ о нас

«Қазақстан теміржолшысы» № 101-102, 15 желтоқсан, 2016 жыл

Ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай «Теміржол жөндеу» ЖШС Жезқазған — Бейнеу магистралінің Шалқар — Бейнеу желісінің аяқталуын ресми түрде түрде атап өтті

«Ғасыр жобасындағы» қолтаңба

Салтанатты шараға «ҚТЖ» ҰК» АҚ, «Қамқор Менеджмент» ЖШС байқаушы кеңесі және серіктес компаниялар басшылары мен өкілдері қатысты. «Қобыз» салтанат сарайының банкет залында, мерекелік дастархан басында өткен шара барысында Бейнеу — Шалқар темір жол телімі құрылысының аяқталып, мәре сызығын кесуі қалың қазақ жұрты тойлап жатқан ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығымен тұспа-тұс келіп жатқаны сөз болды. Жаңа темір жол желісіндегі негізгі жолдар ұзындығы 494 км, ал станциялық жолдар 67 км құрайды. Мұнымен қатар, Шалқар қаласында жаңа заманауи балабақша, теміржолшылар мен олардың отбасыларына арналған тұрғын үйлер, сондай-ақ, өзге-де инфрақұрылым нысандары салынды. «Ғасыр жобасы» атанған Жезқазған — Бейнеу темір жолының бір бөлігі болып табылатын Шалқар — Бейнеу телімі құрылысына «Теміржол жөндеу» ЖШС бас мердігерлік етіп, жаңа жолдың сапалы салынуына атсалысты.

2.jpg

Осы ретте, Шалқар — Бейнеу құрылысының іргетасы қаланған сәттен бастап «Қамқор Менеджмент» ЖШС-ін басқарып, телімге жиі-жиі шығып, құрылыс барысын үнемі бақылауда ұстап, «Теміржол жөндеу» тарапынан туындаған, өндірістік және әкімшілік мәселелерді шұғыл шешуге атсалысқан жан көпшілікті бүгінгі еңбек жеңісімен құттықтап, жүрекжарды лебізін білдірді.

— Бүгін өзімнің және «Қамқор Менеджмент» кәсіпорыны атынан Шалқар — Бейнеу темір жол құрылысын сәтті салып шығып, жобаның жүйелі жүзеге асырылуына қай жағынан да қолдау білдіріп, көмегін аямаған «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ басшылығына, бүгінде ҚР Премьер министрінің бірінші орынбасары Асқар Маминге, сондай-ақ, Ұлттық компанияның еншілес ұйымдары жетекшілеріне зор алғысымды білдіріп, жұмыстарына сәттілік тілеймін. Болашақта да бірлесіп, сан түрлі стратегиялық жобаларды жүзеге асырамыз деген ойдамыз. Сонымен қатар, аталған жобаның табысты жүзеге асуына бір атаның баласындай жұмылып, күні-түні уақытпен санаспай, еңбек еткен «Қамқор Менеджмент» компаниялар тобы, «Темір жол жөндеу», «Локомотив 2030», «Central Asiа Prontrans» кәсіпорындары ұжымы кез келген сый-құрметке лайық. Сіздердің ұйымшыл, еңбекке адалдықтарыңның арқасында құрылыс қысқа мерзімде аяқталды. 2014 жылдың тамызында аталған теліммен жүк пойыздары жүре бастаса, биыл шілде айында жолаушылар пойызының қозғалысы іске қосылды. Бұл телім батыс аймақтан Азия елдеріне пойыздар қозғалысының жол үстіндегі бағдарын 530 км-ге қысқартты. Жаңа жол сол өңірдегі жергілікті халыққа, шағын және орта бизнеске жаңа серпін берді. Жалпы ел экономикасының өркендеуіне өзіндік үлес қосты. Тағы бір елеулі оқиға жақында болды. 6 желтоқсан күні Елбасы жалпыұлттық телекөпір барысында «Нұрлы жол» бағдарламасы шеңберінде жүзеге асқан Алматы-1 — Шу телімінің екінші жолын іске қосты. Біз үшін осы жол құрылысына «Теміржол жөндеу», «Central Asiа Prontrans» кәсіпорындарының қатысқаны — үлкен мақтаныш. Бәріңізді мерекелеріңізбен құттықтай отырып, дендеріңе саулық, еңбекте табыс, отбасыларыңа амандық тілеймін, — деді өз сөзінде бүгінде «Қамқор Менеджмент» ЖШС-нің Байқаушы кеңесіне төрағалық етіп отырған Диас Сүлейменов.

Салтанатты шара барысында еңбегімен ерекшеленген «ҚТЖ» ҰК» АҚ, «Қамқор Менеджмент», «Теміржол жөндеу», ел өңіріндегі филиалдар мен компаниялар басшылары мен еңбеккерлеріне мерекелік медальдар мен ескерткіш наградалары, дипломдар мен алғыс хаттар табыс етіліп, сыйлықтар тарту етілді.

Ислам ТАЛҒАТ

Суретті түсірген Александр ЖАБЧУК



← Назад в раздел