Камкор менеджмент

СМИ о нас

«Қазақстан теміржолшысы» № 8, 3 ақпан, 2017 жыл

«Қамқор Менеджмент» ЖШС тағы бір жаңа жобаны жүзеге асыруды бастады. Ақтөбе локомотив жөндеу депосында дизельді ауыстыру цехы ашылды. Салтанатты шара барысында мамандар локомотивтің «жүрегі» саналатын қондырығыны тепловозға орнатты

2.JPG

Дизельді ауыстыру цехы ашылды

Компания өкілдерінің хабарлауынша, «Қамқор менеджмент» ЖШС дүниежүзін жайлаған экономикалық дағдарысқа қарамастан, өзінің жаңару мен жаңғыру үдерісін қалыпты жағдайда жалғастырып келеді. Заманауи талаптарға сай жаңа үлгідегі құралжабдықтармен жасақталған цехтың ашылу салтанатында сөз алған «Қамқор Менеджмент» ЖШС Бас директорының бірінші орынбасары Талғат Датбаев мұндай цехтың қажеттілігі жайлы айтты.

— Бұл цех қысқа уақытта салынып бітті. Сонымен бірге тепловозды күрделі жөндеу кезінде көптеген операцияны оңтайландыруға мүмкіндік береді. Жұмыстың сапасы мен жылдамдығы артады. Сондықтан, осы жобаның іске асуына атсалысқан барша азаматтарға алғыс айтамыз. Дизельді ауыстыру цехын игіліктеріңізге пайдаланыңыздар, — деді Талғат Датбаев.

Өз кезегінде, Ақтөбе жүк тасымалы бөлімшесі кәсіподақ ұйымының төрағасы Қанат Әлмаханов депо-лықтарға осындай мүмкіндік беріп отырған басшылыққа ризашылықтарын жеткізді.

— Қаржылық-экономикалық қиындықтарға қарамастан, осындай аумалы-төкпелі кезеңде локомотив шаруашылығы үшін қажетті цех ашуға мүмкіндік берген «Қамқор менеджмент» ЖШС басшылығына алғысымыз шексіз. Ақтөбе локомотив жөндеу депосының жұмысшылары үшін бұл тамаша мүмкіндік, ертеңгі күнге деген сенім. Өйткені, көп жерде жұмыс көлемі азайып, жұмысшылары қысқаруға ұшырап жатқан кезде, бізде керісінше өндіріс кеңейіп жатқаны қуанышты жайт, — деді Қанат Әлмаханов.

1.JPG

Жаңа нысанда дизель ауыстыру жұмыстарының басы-қасында жүрген, аға слесарь Анатолий Глибичуктің айтуынша, цехтың ашылу салтанатында дизельді ауыстыруға 7 адам жұмылдырылды.

— Жаңа цех іске қосылған соң, айына 5 бірлік тепловоз жөндеуге болады. Мұнда локомотивті күрделі жөндеудің жиынтығы қарастырылған, — дейді, аға слесарь.

Сервистік қызмет көрсету бағдарламасы артығымен орындалады деп күтілуде. Жұмыс жылдамдығы шамамен 50–70 пайызға артады.

Асқар Ақтілеу, Ақтөбе
Суреттерді түсірген автор



← Назад в раздел