Камкор менеджмент

СМИ о нас

АЛМАТЫ – ШУ ТЕМIРЖОЛЫНЫН ЕКIНШI ТАРАМЫ ПАЙДАЛАНУГА БЕРIЛДI

«Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында Алматы – Шу теміржолы екінші тарамының құрылысын аяқтап, еліміздің көліктік инфрақұрылымын дамыту бойынша ірі жобаны жүзеге асырды.

«Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ  «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында  Алматы – Шу теміржолы екінші тарамының құрылысын аяқтап, еліміздің көліктік инфрақұрылымын дамыту бойынша ірі жобаны жүзеге асырды.  Құрылысы екі жылда аяқталған   Алматы – Шу теміржолының екінші тарамының жалпы ұзындығы –  113 шақырым.  Жүзеге асырылған жоба нәтижесінде аталған телімнің пойыз өткізу мүмкіндігі, пойыз жылдамдығы, локомотив пайдалану тиімділігі артады,  вагон айналымы жақсарады.

Ақсеңгір станциясында ұйымдастырылған салтанатты шараға «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ президенті Қанат Алпысбаев, Алматы облысы әкімінің орынбасары Айдарбек Байжанов, теміржол ардагері Қалтай Сәмбетов, Қазақстанның тұңғыш ғарышкері, Халық қаһарманы Тоқтар Әубәкіров, Қарасай ауданының әкімі Махаббат Бигелдиев, құрылыс компанияларының басшылары мен жергілікті әкімшілік қызметкерлері, ардагерлер мен жергілікті тұрғындар, теміржолшылар қатысты.

Салтанатты жиында сөз сөйлеген ұлттық компания президенті Қ. Алпысбаев қонақтар мен құрылысшыларды Алматы – Шу теміржолының екінші тарамы құрылысының аяқталуымен құттықтап, пайдалануға берілген кешеннің Қазақстан аумағы арқылы өтетін жаңа маршруттарды дамытуға мүмкіндік беретінін айтты. Пойыз жүрісі жылдамдап, өңіраралық байланыс одан әрі артатындығына тоқталды.  «Қазақстан Еуропа мен Азия арасындағы трансқұрылықтық тасымалды дамыту бойынша қазіргі заманғы инфрақұрылым жасақтап, кешенді жұмыс жүргізуде. Нәтижесінде жүк жеткізу мерзімі қысқаратынын атап өтті.   

Көрнекті теміржолшы Қалтай Сәмбетов: – Құрметті қонақтар, бүгін даңқты Түрксіб қайта жаңғырды. Бұл ғаламат жоба біздің құрылысшылардың табанды еңбегінің арқасында жүзеге асты.  Игілікті іс құтты болсын! Теміржол еліміз экономикасына жұмыс істеп берекеміз арта берсін! Біз теміржол ардагерлері ұзақ жылдар бойы электрлендіріп, екінші тарам салып Түрксібтің жаңғыртылуын армандаушы едік. Енді міне сол арманға қол жетті. Жобаның жүзеге асырылуы нәтижесінде, электрлендірілген, автоматтандырылған   қазіргі заманғы екі тарамды теміржолға қол жеткіздік.  Осы жобаны жүзеге асыруға қатысқан барлық конструкторлар мен инженерлерге, құрылысшыларға үлкен рахмет айтамыз. Біз сендерді мақтан етеміз! Біз ардагерлер, елімізде теміржол сала алатын және оны лайықты пайдалана алатын ізбасарлармыз бар екендігіне сенеміз, –деді.

Жобаны жүзеге асыру барысында 16 станция жаңғыртылып, 13 теміржол көпірі мен теміржол арқылы өтетін автокөлік өткелдері салынды. Ұзындығы 156 шақырым болатын электр желісі тартылды және басқа да инфрақұрылымдық нысандар тұрғызылды.

Алматы – Шу теміржолының екінші тарамы пайдалануға берілгеннен кейін Қызылтаң, Жайлау, Саз, Құрқұдық, Таң станциясы, 19 блок-пост, 5 күзетке алынған теміржол арқылы өтетін автокөлік өткелі жабылды.  

Электрлік тартым қуатын арттыру бойынша Қазыбекбек, Шоқпар, Шу станциясындағы тартымдық станция трансформаторлары жаңғыртудан өткізілді. Теміржол құрылымдарын энергиямен қамтамасыз етуді жақсарту үшін тағы 18 трансформатор орнатылды.

Теміржол арқылы Ақсеңгірде салынатын автокөлік өткелінің ұзындығы – 60 метр,  Қазыбекбек станциясында салынатын автокөлік өткелінің ұзындығы – 100 метр,   Саз станциясында салынатын автокөлік өткелінің ұзындығы – 70 метр, Еспе станциясында салынатын автокөлік өткелінің  ұзындығы – 70 метр. 

Елтай селосында ұзындығы 1,7 шақырым болатын Елтай-Мерей жаңа автокөлік жолы және теміржол арқылы тәулігіне 17 мың автокөлік өткізе алатын ұзындығы 740 метр өткел салынды. Енді Қарасай ауданы Елтай селолық округінің Береке, Екпінді, Жетісу елдімекендері тұрғындарының теміржолдан өтуінде ешқандай қиындық тумайды.  

– Біздің  инженер-конструкторлар жобалаған бұл көпірлер қазіргі заман талабына сай: сапалы,  жеңіл, берік, сонымен қатар, көз тартатын әдемі, – дейді құрылыс басқармасының бастығы Құмбай Байдәулетов.

Соның ішіндегі Саз – Жиренайғыр аралығындағы темірбетон көпірдің ұзындығы – 62 метр,     Жиренайғыр – Қазыбекбек аралығындағы темір көпірдің ұзындығы – 62 метр,    Қазыбекбек – Жыңғылды аралығындағы темірбетон көпірдің ұзындығы – 45 метр,     Қаскелең өзені арқылы өтетін көпірдің  ұзындығы – 80,   Казачка өзенінен өтетін көпірдің ұзындығы – 58,  тағы бір көпірдің ұзындығы – 68 метр.

Еспе станциясында жер тар болғандықтан екі бұрманың қызметін бірге атқаратын күрделі «англичанка» бағыттамалық бұрмасы орнатылды.  Салмағы 60 тонна негізі бетоннан құйылған бағыттамалық бұрма кәдімгі бағыттамалық бұрмаларға қарағанда ұзын. 

 «Нұрлы жол» бағдарламасы бойынша салынған Алматы – Шу теміржолының екінші тарамы құрылысына барлығы қырықшақты мекеме, екі жарым мыңдай адам, бес жүздей техника тартылды. Пайдалануға берілген теміржол еліміздің транзиттік әлеуетін арттырып, халықаралық теміржол дәлізі арқылы жүк тасымалын көбейтеді.  

Теміржол құрылысына атсалысып келе жатқан: «Спецстроймонтаж» ЖШС, «СЦБ-связь» ЖШС, «САП» ЖШС, «Локолсистем» ЖШС, «АСПМК» ЖШС, «Техстройсервис» ЖШС,  маманданған  «Мостоотряд-8» ЖШС, «Шығысинсстрой» ЖШС, «Астанаспецмостострой» ЖШС сияқты тәжірибелі компаниялар бұл жолы да сенім үдесінен шығып, тапсырылған жұмысты мезгілінде сапалы аяқтады.  

Қарқынды қозғалысты қамтамасыз етуде қиындық тудырып келген Алматы – Шу аралығында екінші тарам пайдалануға берілгеннен кейін пойыз кептелісі мәселесі туындамайтын болады. Ендігі жерде Алматыдан Ташкентке, Астанаға, Қандыағашқа дейін және одан ары Павлодар, Көкшетау, Тобылға дейінгі аралықта пойыз қозғалысын тоқтаусыз қамтамасыз ету мүмкін болады.

Алматы – Шу теміржолының екінші тарамын салуға елімізде өндірілген материалдар пайдаланылды. Теміржолды салу барысында құрылысшыларымыз шеберлігін шыңдай түсті. Жас мамандар жақсы тәжірибе алды. Аталған жобаны жүзеге асыруда құрылысшылар мен теміржолшылар өзара түсіністікпен, ықпалдаса жұмыс істеп теміржол құрылысын белгіленген мерзімде пайдалануға тапсырды. 

Тиімді көліктік-логистикалық желі еліміз ішіндегі өндіріс орталықтарын тығыз байланыстырумен қатар, Орталық Азия елдерінің аймақтық және евразиялық ынтымақтастығын тереңдетіп, Қазақстанның дүниежүзілік экономикаға интеграциялануын одан әрі арттыра түседі.

Абат ТЕМЕН



← Назад в раздел